Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде оқитын студент қыз өзіне дене жарақатын салғаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өмірімен қоштасуға әрекеттенген бойжеткен оқиғадан кейін №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Оқу орнының басшылығы бұл жайтқа қатысты әзірге үнсіз отырғанымен, аталған оқиға туралы алғашқылардың бірі болып белгілі заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде жазып, университет әкімшілігі мен уәкілетті министрліктен ашық түсініктеме талап етті:
«Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, бүгін ҚазҰУ-де тағы бір қыз өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген көрінеді. Бұл ақпаратты көпшілікке жария етпей, жасырып отырған көрінеді. Алайда әзірге бұл деректер ресми түрде расталған жоқ. Онымен қоса, университеттегі студенттерге арналған стадиондар, шағын футбол алаңдары және басқа да нысандар өзге азаматтарға жалға берілген деген ақпарат айтылуда. Студенттерге арналған нысандар кімнің игілігіне қызмет етіп жатыр? Ғылым және жоғары білім министрлігі және университет басшылығы бұл мәселелерге қандай жауап береді?», – деп жазды Мейірман Шекеев.
Заңгердің пікірінше, бірінен соң бірі айтылып жатқан мұндай келеңсіз жағдайларға байланысты нақты әрі ашық мәлімет берілуі тиіс. Ал полиция департаменті оқу орнында студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелгенін ресми түрде растады:
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студенттің өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелді, оған медициналық көмек көрсетілді», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары оқиғаның барлық мән-жайы мен студенттің жағдайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Еске сала кетейік, бұған дейін дәл осы жоғары оқу орнының журналистика және география факультеттерінде бірінші курс студенттері қаза тауып, Алматы қалалық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған болатын.