Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 2026 жылдың 20 қараша күні сағат 17:00-де және 30 қараша күні сағат 19:00-де А. Молдағали мен Э. Тоқтасынның «Өмірің өз қолыңда!» атты музыкалық драмасының премьерасын көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұзақтығы 1 сағат 20 минутқа созылатын жаңа туындының қоюшы-режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Қойылым желісі бойынша, жеті жыл бұрын үйінен кетіп, хабарсыз жоғалған Мұратты туған інісі Ералы ақыры тауып алады. Есірткіге тәуелділіктің шырмауында қалған ағасын аман алып қалу үшін Ералы оны емдеу орталығына әкеледі, ал сол жерде Мұрат бір кездері сүйген қызы Жамалмен қайта кездеседі. Өткен күндердің елесі, жақындарының сағынышы мен Жамалға деген сезімі бас кейіпкерді өз өміріне жаңаша көзқараспен қарауға жетелейді. Осылайша спектакль адасқан жанның өз жолын қайта табуын, туған бауырдың жанашырлығы мен махаббаттың адамға берер рухани күшін арқау етеді.
Жаңа сахналық туындыны дайындауға ауқымды шығармашылық топ атсалысқан: режиссері — Еламан Иманбаев, қоюшы-балетмейстерлері — Камила Бузанова, Елдос Оспанов және Ербол Семкулов, хормейстерлері — Мәдениет саласының үздігі Ғалымжан Берекешов пен Әлихан Ыдырысов. Сондай-ақ жарық қою суретшісі ретінде Асылбек Оспанов, дыбыс режиссерлері ретінде Осман Абайділдә мен Даниал Балтабай еңбек етсе, режиссердің көмекшісі міндетін Мухамедсаид Бағашаров атқарды.
Премьерада басты кейіпкер Мұраттың рөлін Мақсат Қабдеш (жас кезін — Мухамедсаид Бағашаров), ал Жамал бейнесін Жансұлу Төлеген мен Майра Марғұланқызы (жас кезін — Арелана Амангелді) сомдайды. Сонымен қатар сахнада Ералы рөлінде Ілияс Өтетілеу, ана бейнесінде Инабат Ризабекқызы, Аралбек рөлінде Ақәділ Иманғали, Махат рөлінде Абзал Арапов, бас дәрігер рөлінде Айдос Дүйсбай, дәрігер жігіт ретінде Райымбек Әбілғазы, медбике қыз рөлінде Аружан Иманғазы және көпшілік сахнада театр артистері өнер көрсетеді.