Қазақстанның танымал спорт комментаторы, журналист Амангелді Сейітханның есімін елді мекендердің біріндегі көшеге беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл бастаманы құптап, министрлік атынан тиісті ұсыныс енгізуге дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Министр бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Ербол Мырзабосыновтың сөзінше, көшелерге атау беру мәселесі қолданыстағы тәртіпке сәйкес ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады. Дегенмен министр Амангелді Сейітханның отандық спорт журналистикасына сіңірген еңбегі ерекше екенін атап өтті.
Оның айтуынша, марқұм спорт саласының дамуына журналист ретінде ғана емес, спорттың жанашыры әрі насихатшысы ретінде де елеулі үлес қосқан. Сондықтан оның есімін ұлықтау бастамасы орынды деп санайды.
«Өз саласында нағыз тұлға болды. Біз ұсыныс жасауға дайынбыз. Бастаманы министрлік тарапынан да, өзім министр ретінде де қолдаймын», – деді Ербол Мырзабосынов.
Енді бұл бастаманың жүзеге асуы үшін тиісті ұсыныс енгізіліп, ономастика комиссиясының қарауынан өтуі қажет. Әзірге нақты қай қаладағы немесе елді мекендегі көшеге журналистің есімі берілетіні жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Ербол Мырзабосынов брифинг барысында Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың қызметінен кетуі мүмкін екені туралы сауалға да жауап берген болатын.