Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Орталық Азиядағы алғашқы ел: Қазақстан БҰҰ-ның рейтингінде үздік 20 елдің қатарына енді

Орталық Азиядағы алғашқы ел: Қазақстан БҰҰ-ның рейтингінде үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары рейтингтік санатқа енді, деп хабарлайды Alash.kz.

Екі жыл ішінде сегіз сатыға жоғарылаған еліміз Орталық Азияда мұндай жоғары деңгейге жеткен алғашқы мемлекет атанып отыр. Электронды үкіметі барынша дамыған 21 мемлекетті біріктіретін ең жоғары санатқа 2026 жылы алғаш рет Қазақстан, Ирландия және Польша қосылып, Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ сияқты жетекші елдермен қатар тұрды. Соңғы екі жылда Қазақстан 2024 жылғы рейтингте өзінен алда тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапонияны басып озды. Елдің индекс көрсеткіші әлемдік орташа 0,6675 деңгейімен салыстырғанда 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өссе, цифрлық мемлекет құру үлгісі саналатын Эстониямен арадағы алшақтық төрт есе қысқарды. ТМД және Орталық Азия өңірінде көш бастап тұрған Қазақстаннан кейінгі орындарда Өзбекстан (32-орын), Әзербайжан (38-орын) және Ресей (50-орын) орналасқан.

Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Қазіргі уақытта елдегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн түрде қолжетімді, ал eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында портал арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетіліп, оның үштен екісіне жуығын азаматтар смартфон арқылы алған. Сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылып, отандық суперкомпьютер TOP500 рейтингі бойынша әлемдегі ең қуатты жүз есептеу жүйесінің қатарына қосылды.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің атап өтуінше, БҰҰ баяндамасында Қазақстанның осы жетістігінің арқасында Орталық Азия алғаш рет көшбасшылар тобына енгені көрсетілген. Министр ендігі басты міндет азаматтардың өтініш білдіруін күтпей-ақ, қажетті қызметтерді алдын ала ұсынатын проактивті мемлекет қалыптастыру екенін жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар