Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында философиялық ой қозғап, оқырмандарына терең ой салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі заман мен ғасырлар алмасқанымен, адамзат баласының өзін-өзі тануға деген ұмтылысы ешқашан өзектілігін жоймайтынын атап өтті. Ол оқырмандарына сұрақ тастай отырып, ұлы ойшылдардың ізденісін мысалға келтірді:
«Айнадағы адамыңызға қашан соңғы рет ықыласпен көңіл бөлдіңіз? Мағауин «Мен» деді. Марк Аврелий өзімен сырласты. Ницше Заратустраны сөйлетті. Монтень өзін зерттеді. Ғасырлар ауысты. Бірақ адамзаттың ең күрделі сұрағы өзгермеді: «Мен кіммін?», – деп жазды актриса.
Сонымен қатар Жұлдыз Әбдікәрімова аталған сауалды өзіне де жиі қоятынын жасырмай, ішкі жан дүниесін тану жолындағы ізденісін бөлісті:
«Үнемі ізденіс үстіндемін. Кейде сахнадағы кейіпкерім арқылы, кейде үнсіз қалған сәттерімде өзімді тануға тырысамын. Өйткені адам үшін ең ұзақ сапар — өзіне қарай», – деп түйіндеді өнер иесі.