Өзбекстаннан тарихи отанына қоныс аударып, сегіз-тоғыз айдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген Азия чемпионы Саят Ілиясовтың мәселесін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өз назарына алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл жөнінде белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, бүгінгі брифинг барысында ведомство басшысына 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қандасымыздың жанайқайы жеткізілген:
«Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып, азаматтық ала алмай жүрген Саят Ілиясов мәселесін министр назарға алды. Бүгін брифинг барысында Ербол Мырзабосыновқа қандасымыздың жанайқайын жеткіздім. Азия чемпионы атанған бауырымыз 8-9 ай болды құжатбастылыққа ілігіп, көк паспортқа қол жеткізе алмай жүр», – деп жазды Аслан Қаженов.
Журналист бұл бағытта Қазақстан бокс федерациясы мен Маңғыстау облыстық федерациясы тарапынан тиісті қадамдар жасалғанын атап өтті. Енді уәкілетті министрлік іске белсене кіріссе, түйткілді мәселе тез арада оң шешімін тауып, спортшы халықаралық аренада ел намысын қорғауға мүмкіндік алады деген сенім білдірді:
«Қазақстан бокс федерациясы және Маңғыстау облысы федерациясы өз қадамдарын жасады. Енді министрлік білек сыбана кіріссе, проблема тездесіп реттелуі керек. 65 келіде өнер көрсететін Саят Ілиясов жақын арада ішкі және сыртқы жарыстарға қатысып, ел абыройын асқақтатады деп сенемін. Сәттілік!», – деп түйіндеді спорт журналисі.