Қызылордада жол-көлік оқиғасынан ауыр жарақат алған 25 жастағы Наргиз Бұхарбайға алғашқы хирургиялық ота сәтті жасалып, ақ халаттылар науқасты орнынан тұрғызып, жүргізіп те көрді, деп хабарлайды Alash.kz.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 13 қазан күні тіркелген еді. Көлік соққысы салдарынан жас ана бас-ми жарақатын алып, бірнеше қабырғасы мен жамбас сүйегі сынып ауруханаға түскен, ал оның қолындағы бес айлық нәрестесі алған жарақаттарынан көз жұмған болатын.
Зардап шеккен келіншектің туысы әлеуметтік желіде науқастың қазіргі денсаулық жағдайы туралы мәлімет бөлісіп, алдағы күндері кезекті ота жоспарланып отырғанын хабарлады:
«Наргизге кеше алғашқы операция жасалды, Аллаға шүкір сәтті өтті. Сенбі күні тағы бір операция жоспарланып отыр. Жағдайы жақсы, шүкір. Тұрғызып, аяғын бастырып, жүргізіп те көріп жатыр, Құдай қаласа үйге өз аяғымен оралады деп күтудеміз», – деп жазды ол.
Сонымен қатар жәбірленушінің жақыны дәрігерлер қауымына шексіз ризашылығын білдіріп, керісінше құқық қорғау органдарының әрекетіне көңілі толмайтынын ашық жеткізді. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары оқиғаға қатысты бейнежазбаны өшіруді сұрап, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтумен ғана шектелген. Апат кезінде темір тұлпарды тізгіндеген 26 жастағы Алексей Великовке іздеу жарияланғанына 35 күн өтсе де, күдікті әлі күнге дейін құрықталмаған:
«Қайда Алексей?! Қандай жұмыс жасап жатырсыздар?!» – деп сұрақ тастады ол полиция қызметкерлеріне.