Алматы қаласындағы балалар инфекциялық ауруханасында науқастар саны күрт көбейіп, қабылдау бөлімінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызды. Кадрлардан дәрігерге қаралу үшін кезекте тұрған балалар мен олардың ата-аналарын көруге болады, деп жазады Alash.kz.
Видео авторының айтуынша, соңғы уақытта балалар арасында аурушаңдық көбейген. Кейбірінің дене қызуы 39–40 градусқа дейін көтеріліп, бірнеше күн бойы түспей жатқан көрінеді. Осыған байланысты ата-аналар балаларын ауруханаға жаппай жеткізуге мәжбүр болған.
Аурухананың мәліметінше, 1–20 қараша аралығында медициналық мекемеге 14 мыңнан астам бала жүгінген. Олардың 2 773-і стационарлық ем қабылдау үшін ауруханаға жатқызылған.
Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, тұрғындарды дүрбелеңге салынбауға шақырды.
Ведомствоның хабарлауынша, қалада жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың маусымдық таралуына байланысты медициналық ұйымдарға түсетін жүктеме артқан. Науқастар санының көбеюін ескере отырып, ауруханалардағы төсек-орын саны қосымша ұлғайтылған.
Осылайша, медицина қызметкерлері маусымдық аурушаңдық кезеңінде балаларға қажетті медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Мамандар ата-аналарға балалардың денсаулығына мұқият болуға, аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дәрігерге қаралуға кеңес береді. Әсіресе, дене қызуы жоғарылап, баланың жалпы жағдайы нашарласа, өздігінен емдеумен айналыспай, медициналық көмекке жүгінген жөн.