19 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті өзіне қол жұмсамақ болды. Бірақ университет бұл жаңалықтың жалған екенін айтты деп жазады Alash.kz.
Полиция мәлімдемесінен шамамен жарты тәулік өткен соң университет әкімшілігі оқиғаға қатысты жаңа түсініктеме берді. Оқу орны студенттің ауруханаға түскенін растады. Университеттің мәліметінше, қыз медициналық көмекке өзі жүгінген.
«Студент жедел жәрдемді өзі шақырған. Медициналық құпияны сақтау және заң талаптарына байланысты аурухана бізге науқастың жағдайы туралы толық ақпарат бермеді», - деп хабарлады ҚазҰУ әкімшілігі.
Бұл туралы алдымен заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде хабарлаған болатын.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы мен қыздың мұндай әрекетке бару себептері әзірге белгісіз. Оның өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, соңғы екі аптада ҚазҰУ-да екі студент қаза тапқан болатын. 6 қарашада университет қалашығының аумағында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Арада он күн өткенде, 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні университет жатақханаларының бірінде география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен екінші курс студенті ұсталды.