Қазақ өнерін әлемге танытып жүрген Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге 19 қараша күні Мехико қаласында Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуі табысталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Әнші бұл мәртебелі марапатты жеке жетістігі ғана емес, қазақ өнерінің әлемдік деңгейде мойындалуының белгісі деп бағалады. Сонымен қатар әкесі Қанат Айтбаев әлеуметтік желідегі парақшасында осы қуанышты жаңалықты бөлісіп, марапаттың халықаралық жетістіктер мен халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлес үшін берілгенін атап өтті:
«19 қарашада Мехико қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге кәсіби бокс тарихындағы ең беделді ұйымдардың бірі - Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрметті белдігі тапсырылды. Бұл марапат әртістің халықаралық жетістіктерін және халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін табысталды», – деп жазды Қанат Айтбаев.
Айта кетерлігі, WBC-дің бұл белдігі бұған дейін Нельсон Мандела, Турки Әл-Шейх және Геннадий Головкин сынды көрнекті тұлғаларға берілген. Қанат Айтбаевтың хабарлауынша, айтулы марапатты Мехикодағы Palacio de los Deportes сахнасында ұйым өкілдері салтанатты түрде табыс еткен:
«WBC-дің бұл белдігі осыған дейін Нельсон Мандела, Турки Әл-Шейх, Геннадий Головкин сияқты көрнекті тұлғаларға берілген. Құрметті марапатты Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге Palacio de los Deportes сахнасында WBC елшісі Гектор Сулейман, WBC маркетинг және коммуникациялар бөлімінің басшысы Хосе Антонио Арреола Сулейман, WBC директорының орынбасары Виктор Сильва, WBC өкілі және кеңесшісі Әлихан Жарылғапов табыс етті», – деп атап өтті ол.