Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жігітін өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген»: Түркістан облысында оқушы қызға сот үкімі шықты (ВИДЕО)

«Жігітін өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген»: Түркістан облысында оқушы қызға сот үкімі шықты (ВИДЕО)

Түркістан облысына қарасты Леңгір қаласында 20 жастағы жігіттің өмірін қиып, кейіннен оның денесін өртеп жіберген 15 жастағы мектеп оқушысы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Сот шешімімен кісі өлтіргені үшін айыпты деп танылған Елизавета Тенушеваға кәмелетке толмаған жасы ескеріле отырып осындай жаза кесілді. Жантүршігерлік жайт биылғы көктемде, нақтырақ айтқанда 25 мамырда тіркелген болатын: сол күні қаладағы ескі зауыт маңынан бозбаланың мәйіті табылып, көп өтпей күдікті ретінде 9-сыныпты бітірген жасөспірім қолға түскен.

Тергеу деректеріне сүйенсек, бұл қылмысқа оқушы қыздың жігітпен арадағы қарым-қатынасты тоқтатуға бел бууы, ал бозбаланың бұған көнбей, кездесуді жалғастыруды талап етуі түрткі болған. Салдарынан жасөспірім жігітті ескі зауыт аумағына шақырып алып, бір тәулік бұрын сатып алған суық қарумен оның кеуде тұсына бірнеше мәрте пышақ сұққан. Жүрегі мен өкпесіне тиген ауыр соққылардан жәбірленуші сол жерде тіл тартпай кеткен.

Сот отырысында жария етілген мәліметтерге қарағанда, оқушы қыз жігіттің көз жұмғанына көзі жеткен соң қылмыс орнынан кетіп, құрылыс заттары дүкенінен еріткіш сатып алған да, ізін суыту үшін қайта оралған:

«Жәбірленушінің қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін сотталушы Леңгір қаласына барып, құрылыс материалдары сатылатын дүкеннен еріткіш сатып алған. Содан соң оқиға орнына қайта оралып, қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйітті өртеген. Бірнеше сағаттан кейін достары мен ата-анасына хабарласып, болған жағдайды айтқан», – делінген сот өкілінің түсіндірмесінде.

Қылмыстық іс аясында айғақ заттар ретінде пышақ, еріткіш құйылған ыдыс, қан жұққан киім-кешек пен пайдаланылған майлықтар жан-жақты зерттелді.

Істі қарау кезінде қорғаушы тарап кездесу барысында жәбірленуші жігіттің жасөспірімге зорлық көрсетпек болғанын алға тартып, оны ақтауға тырысқан. Дегенмен сот-медициналық сараптама қорытындысы сотталушының денесінде ешқандай күш қолдану немесе жарақат іздері жоқ екенін көрсетті. Барлық дәлелдемелерді саралаған сот қорғау тарапының бұл уәжін негізсіз деп тауып, қабылдамады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар