Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Словакияда тұтқындалған қазақстандық студенттер: СІМ мәлімдеме жасады

Словакияда тұтқындалған қазақстандық студенттер: СІМ мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Словакияның Тренчин қаласында төрт қазақстандық студенттің ұсталғанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Alash.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта қамауға алынған азаматтарға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр және олардың туыстарымен байланыс орнатылған. Істің мән-жайы Сыртқы істер министрлігінің тұрақты бақылауында тұр.

Еске сала кетейік, бұған дейін TN Live телеарнасы Тренчин қаласындағы жергілікті университетте білім алатын 18 бен 21 жас аралығындағы төрт қазақстандық студенттің қолға түскенін хабарлаған болатын. Телеарна дерегінше, бес жас жігіт іздеуде жүрген ер адамның әжесінің үйіне келіп, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған да, бопсалау әрекеті кезінде оны соққыға жыққан. Күдіктілердің төртеуі ұсталғанымен, бесіншісі оқиға орнынан бой тасалаған.

Сонымен қатар іске қатысы бар күдіктілердің бірінің адвокаты тергеу тарапынан тағылған айыпқа келіспейтінін жеткізді. Қорғаушының айтуынша, студентке «адамдар тобы болып бопсалау мақсатында адам ұрлау» бабы бойынша айып тағылып отыр. Алайда адвокат бұл айыптауды көбіне қолдан жасалған деп бағалап, оқиғаның мүлде басқаша өрбігенін айғақтайтын жаңа дәлелдердің пайда болып жатқанын мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар