Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жарым солар үшін жанын берді»: Марқұм Асқар Забикуллиннің жары жан сырын ақтарды

«Жарым солар үшін жанын берді»: Марқұм Асқар Забикуллиннің жары жан сырын ақтарды

Астанада өрт кезінде адамдарды құтқарып, ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жары Әнел Забикулина әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм күйеуіне арнап жүректебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында елордадағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде тұрғындарды аман алып қалған Асқар Забикулин ауыр жарақат алып, дәрігерлердің күш салғанына қарамастан 20 қараша күні ауруханада көз жұмған болатын.

Арада төрт жыл өтсе де, жарына деген сағынышы басылмағанын жеткізген Әнел Забикулина күйеуі кеткен күннен бері өзі үшін уақыт тоқтап қалғандай күй кешетінін баяндады:

— «Сенсіз төртінші күз… Төртінші қараша… Уақыт өтіп жатыр, күндер ауысып жатыр, өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Бірақ менің жүрегімде уақыт тоқтап қалған бір күн бар… Сен кеткен күннен бері қанша таң атты, қанша кеш батты…», – деп жазды ол.

Сонымен қатар ол әкесіз өсіп келе жатқан қыздарының әрбір қуанышты сәтін күйеуінің көрмей қалғанына қынжылып, батыр жарының жүрегінде мәңгілік сақталатынын атап өтті:

— «Бірақ бір нәрсе өзгермеді – саған деген сағынышым. Кейде бәрі түс секілді көрінеді. Қазір есіктен кіріп келетіндей, даусыңды еститіндей, бәрі бұрынғы қалпына келетіндей. Бірақ артынша шындықпен қайта бетпе-бет келемін. Қыздарымыз өсіп келеді. Сен көрмеген сәттер, сен куә болмаған қуаныштар, айтылмай қалған әңгімелер көбейіп барады. Әрбір жетістігімде сені іздеймін. Әрбір қуанышымда жанымда болғаныңды қалаймын. Сағыныштың уақыты болмайды екен. Жылдар өтсе де, жүрек үйренбейді екен. Сен менің өткенім ғана емессің. Сен – жүрегімнің мәңгілік бір бөлшегісің», – деді Әнел Забикулина.

Жазба астында оқырмандар батырдың рухына тағзым етіп, отбасына қолдау білдірді. Пікір қалдырған желі қолданушыларының бірі Асқар Забикулин құтқарып қалған адамдардың оның шаңырағымен хабарласып, көмектесіп тұратын-тұрмайтынын сұраған. Бұл сауалға жауап берген Әнел Забикулина осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы отбасына келмегенін айтып, өкінішін жеткізді:

— «Осы 4 жылда менің күйеуім құтқарған ешбір адам үйіміздің табалдырығын аттап баспады. Мен олардың түрін көрген емеспін. Ал менің жарым солар үшін жанын берді», – деп түйіндеді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар