Словакияның Тренчин қаласында құқық қорғау органдары 18 бен 21 жас аралығындағы үш қазақстандық студентті қамауға алды, деп хабарлайды Alash.kz.
TN Live телеарнасының мәліметінше, жергілікті университетте білім алатын Қазақстан азаматтары тұрғыннан ақша бопсалауға әрекеттенді деген күдікке ілінген. Белгілі болғандай, бес жігіт егде жастағы әйелдің баспанасына барып, өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырған. Олар кейуананың немересін іздеу желеуімен үйдің бөлмелерін тінтіп, сол жерден табылған ер адамды соққыға жыққан.
Ұсталғандарың үшеуі - Қазақстан азаматтары. Егер, қылмыстары дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бейтаныс жандардың әрекетінен шошып қалған жәбірленуші кейуана телеарна тілшілеріне басынан өткен үрейлі жағдайды баяндап берді:
«Ол да қорқады, мен де қорқамын. Бізді өлтіріп кете ме деп қорқамыз», – деді әйел.
Кейіннен үй иесі олардың заңсыз әрекетіне шағымданған соң, келген адамдардың тәртіп сақшыларына еш қатысы жоқ екені әшкереленді. Қазіргі уақытта төртеуі қолға түскенімен, топ құрамында болған бесінші күдікті әзірге табылмай отыр.