Атырау облысында 89 жастағы әкесіне қол көтеріп, қорлады деп айыпталған 47 жастағы тұрғынға қатысты қылмыстық іс сот шешімімен қайта тергеуге жолданды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүгін Жылыой аудандық сотында аталған іс бойынша соңғы үкім оқылуы тиіс болатын, алайда жәбірленуші тараптың адвокаты істі қайта қарау туралы өтініш түсірді. Қорғаушының пікірінше, сотталушы әкесін жай ғана ұрып-соқпаған, оны дәрменсіз күйде азаптап, адам төзгісіз жағдайда ұстаған. Осыған байланысты енді айыпталушыға тағылған қылмыстық бап қайта сараланып, өзгеруі мүмкін.
Жасы тоқсанға таяған Әділхан Сисенов Қызылқоға ауданынан аудандық сотқа дейін өз аяғымен жетіп, басынан өткерген ауыр жағдайды баяндады. Қарияның сөзінше, туған ұлы оны ас-сусыз қамап қойып, аяқ-қолын байлап аяусыз соққыға жыққан, ал өзі әрең дегенде қашып құтылған. Кейін медицина мамандары да ақсақалдың денесіндегі соққы іздері мен жарақаттарды ресми түрде растаған.
Сот отырысында айыпталушы мен оның қорғаушысы істі қайта тергеуге жіберу туралы өтінішке қарсылық білдірсе, мемлекеттік айыптаушы шешім қабылдауды соттың құзырына қалдырды. Нәтижесінде сот жәбірленуші тараптың уәжін ескеріп, істі қайта тергеуге қайтарды.