Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошы Санжар Ерұланұлы жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды Alash.kz.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз турнир барысында сәтті өнер көрсетіп, ақтық сында жапониялық Шокей Хираномен кездесті. Тартысты өткен финалдық белдесуде қарсыласынан басым түскен Санжар Ерұланұлы ел қоржынына алтын медаль салды.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, бұл жарыста Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге екі жүлде бар. Осыған дейін дәл осы 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен тағы бір балуанымыз Асқар Біржанов испаниялық Никита Юдановпен қола медаль үшін күресіп, үздік үштікті түйіндеген болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Загребте өткен Гран-при турнирінде топ жарған тағы бір қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев 66 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингтің үздік ондығына еніп, 10-сатыға көтерілген еді.