Елордада Алаш қайраткері, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай «Әлихан Бөкейхан және Алаш мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» мен Әлихан Бөкейхан атындағы BINOM School мектеп-лицейі бірлесіп ұйымдастырған конференцияда Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметі, ғылыми және публицистикалық мұрасы жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ конференция аясында Алаш қайраткерлерінің құнды еңбектерін бүгінгі білім беру жүйесінде насихаттау, архивтік деректер мен ғылыми зерттеу нәтижелерін оқу үдерісіне енгізу, Алаш идеясын цифрлық технологиялар мен арқылы заманауи әдіс-тәсілдермен таныту мәселелеріне басымдық берілді.
Конференцияға еліміздің әр өңірінен келген 200-ден астам педагог, отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми мекемелердің өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен жас зерттеушілер бас қосты. Олардың қатарында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, ҚР Ұлттық музейі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Астана халықаралық университетінің өкілдері бар.
Конференцияның пленарлық отырысында елімізге белгілі алаштанушы ғалымдар құттықтау сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салды.
Алқалы жиынға тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов, алаштанушы, әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мақсат Алпысбес, ЕҰУ Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры Жабай Қалиев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер зертханасының меңгерушісі, философия докторы (PhD) Айнұр Архыматаева, алаштанушы, ақын Ықылас Ожайұлы, алаштанушы, PhD докторант Заңғар Кәрімхан және жас алаштанушы, PhD докторант Данияр Ихсан қатысты.
Пленарлық отырыста Сұлтан Хан Аққұлы Алашорда мен Жошы ұлысы арасындағы тарихи сабақтастықты сөз етсе, «Әлихан және Міржақып» тақырыбында баяндама жасаған Марат Әбсеметов ұлт мүддесі үшін күрескен қос қайраткердің өмір жолына тоқталды.
Мақсат Алпысбес Әлихан Бөкейханның елдік мүддені қорғаудағы тарихи рөліне тоқталып, қазақ жерінің тұтастығын сақтау жолындағы қызметін баяндады. Ықылас Ожайұлы Әлихан Бөкейханға арнаған өлеңін оқып, Ұлт қайраткерінің тұлғасына деген құрметін жеткізді. Заңғар Кәрімхан «Алаш оптимизмі Ә. Бөкейхан өмірдеректерінің негізінде» атты баяндамасында Ұлт көсемінің тұлғалық болмысын жан-жақты ашып, қазақ қоғамының болашағына деген сенімі мен үмітін жеткізді.
Данияр Ихсан «Алаш құндылығы: жаңашылдық» тақырыбындағы баяндамасында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мазмұнын «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын Алаш арыстарының өнегесімен сабақтастырып, олардың ұстанымдарын мектептегі тәрбие жұмыстарына енгізу тәжірибесін бөлісті.
Баяндамашылар өз сөздерінде Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның тұлғалық болмысы мен саяси қызметі, Алаш зиялыларының ұлт азаттығы жолындағы күресі, қазақ жерінің тұтастығы мен ұлттық мемлекеттілікті сақтау жолындағы қызметін, сондай-ақ Алаш идеясының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын кеңінен тарқатты. Сонымен бірге Алаш қайраткерлерінің елдік мұраттары мен ұстанымдарын қазіргі заман тұрғысынан зерделеу қажеттігі де назардан тыс қалмады.
Секциялық отырыстар үш негізгі бағытты қамтыды:
Бірінші секция:
«Әлихан Бөкейхан және Алаш қозғалысы: ұлттық мемлекеттілік идеясы мен тарихи сабақтастық».
Екінші секция:
«Алаш мұрасы және тарихи жады: архивтік деректер, жаңа зерттеулер және ұлттық сананы жаңғырту».
Үшінші секция:
«Алаш мұрасы және цифрлық дәуір: тарихи білім берудегі жасанды интеллект пен инновациялық технологиялар».
Секциялық отырыстарда педагогтер мен зерттеушілер өздерінің ғылыми ізденістері мен озық тәжірибелерін ортаға салып, архивтік құжаттарды білім беру үдерісінде пайдалану, тарихи деректерді жаңаша зерделеу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне енгізу және ұлттық мұраны заманауи технологиялар арқылы насихаттау мәселелерін талқылады.
Әсіресе Алаш қайраткерлерінің мұрасын цифрлық форматта жаңғырту, тарихи тұлғалардың өмір жолын жас ұрпаққа заманауи әдістер арқылы таныту бағытындағы тәжірибелер ғылыми-әдістемелік тұрғыдан ерекше қызығушылық тудырды.
«Әлихан Бөкейхан және Алаш мұрасы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы - ғалымдар мен педагогтердің басын қосқан кезекті ғылыми жиын ғана емес, ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, Алаш идеясының өміршеңдігін танытуға және ұлт зиялыларының аманатын жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды рухани-танымдық алаң болды.
Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойы аясында өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференция Алаш ардақтысының ұлт тарихындағы орнын тереңірек тануға, ғылыми пікір алмасуға, өңіраралық кәсіби байланысты нығайтуға және тарихи білім берудің жаңа бағыттарын айқындауға зор мүмкіндік берді.