Перизат Қайраттен тәркіленген қымбат автокөліктердің мемлекеттік органдардың пайдалануына қалай берілгені белгілі болды, деп жазды Alash.kz.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбековнің айтуынша, бұл тәжірибе бюджет қаражатын үнемдеудің бір жолы саналады.
«Бұл шара бюджет қаражатын үнемдеу үшін қарастырылған. Жаңа көлік сатып алғаннан гөрі, тәркіленген мүлікті алған тиімді. Нормативтік-құқықтық актілерде мұндай құқық мемлекеттік және құқық қорғау органдарына берілген. Сондықтан неге мұндай мүмкіндікті пайдаланбасқа?» – деді комитет төрағасы.
Бұған дейін «Біз біргеміз, Қазақстан 2030» қорының бұрынғы басшысына тиесілі, құны шамамен 80 миллион теңге болатын Mercedes автокөлігі аукционға шығарылған. Алайда сатып алушы табылмағандықтан, көлік кейін мемлекеттік органдардың қарамағына берілген.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы су тасқыны кезінде қайырымдылық қызметімен танылған Перизат Қайрат ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.