АҚШ-та 24 жастағы қазақстандық Асет Құралбай із-түзсіз жоғалып кетті. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Иллинойс штатындағы Чикаго қаласына жақын орналасқан Ford Heights ауданында тұрған, деп жазды Alash.kz.
Туыстарының айтуынша, Асет соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. Ал 7 маусымнан бері оның телефоны өшірулі күйде болған. 10 маусым күні полиция оның Toyota Camry автокөлігін тапқанымен, азаматтың өзі әлі күнге дейін табылмаған. Құжаттары мен банк карталары үйінде қалғаны белгілі болды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен байланыста болып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы жоғалған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыс орнатқан.
Асет Құралбайды көрген немесе оның жүрген жері туралы қандай да бір мәлімет білетін азаматтардан туыстары хабарласуды сұрайды. Жақындары ақпаратты барынша таратуға шақырып отыр.