Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент таратылған жағдайда қандай қызмет атқаруы мүмкін деген сұраққа пікір білдірді, деп жазды Alash.kz.
Ол қазіргі таңда негізгі назар депутаттардың алдағы жұмысына аударылып отырғанын атап өтті.
«Екі партияның қосылуы – олардың ішкі процесі әрі өздерінің ішкі шешімі. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, бұл – партияның ішкі шешімі. Ал депутаттардың алдында атқаратын жұмыс көп. Қабылданған заңдар бар. Қазір біз сол міндеттерді жүзеге асыру мәселесін алға қойып отырмыз», – деді Ерлан Қошанов.
Осылайша Мәжіліс спикері өзінің болашақтағы ықтимал қызметіне қатысты нақты жауап бермей, назарды Парламенттің қазіргі жұмысы мен заңдарды іске асыру міндеттеріне аударды.
Айта кетейік, соңғы уақытта саяси ортада партиялардың бірігуі және Парламенттің ықтимал тағдырына қатысты түрлі болжамдар айтылып жүр. Алайда әзірге Мәжілісті тарату немесе кадрлық өзгерістер жөнінде ресми шешім жарияланған жоқ.