Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«10 млн теңге ұсынды»: Әл-Фараби даңғылындағы апатта қаза болған қыздың әкесі мәлімдеме жасады

21:08, 12 маусым 2026

Әл-Фараби даңғылында орын алған қайғылы жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы Т.К.-ның әкесі сотталушыны ешқашан кешірмейтінін және оған ең жоғары, қатаң жаза тағайындалуы үшін аяғына дейін күресетінін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.

Бұған дейін, 8 маусым күні марқұм қыздың анасы сотқа берген талап-арызынан бас тартқан болатын. Ол моральдық және материалдық залал үшін тиісті өтемақысын алғанын растап, сот мүшелерінен айыпталушыға бас бостандығынан айырмай, тек шартты түрдегі жаза кесуді сұраған еді. Алайда, қаралы әкенің ұстанымы бұрынғы жұбайының бұл әрекетіне түбегейлі қарсы болып шықты. Оның айтуынша, айыпталушы тарап марқұмның анасына қомақты көлемде қаржы төлеген. Өзінің бұрынғы отбасылық жағдайы мен қызының тәрбиесіне қатысты шындықты жария еткен ер адам, жерлеу рәсімі кезінде сырт айналып іс қылғандарға өз наразылығын білдірді. Сондай-ақ, ол сотталушының Тараз қаласында тұратын ата-анасының үйіне арнайы барғанын, сол кезде айыпталушының әкесі өз көз жасын тыя алмай, одан кешірім сұрағанын да атап өтті.

Қызының қазасына қабырғасы қайысқан әке бұрынғы әйелінің әрекетін айыптап, былай деп ағынан жарылды:

Бұл әйел менімен тоғыз жыл бұрын ажырасқан. Қызымды дүниеге келген күнінен бастап өзім өсірдім, киіндірдім, тәрбиеледім, оқыттым. Ол – менің тұңғышым. Мен жерлеу рәсімдері мен ас беру жұмыстарымен жүрген кезде, ол полицияға барып, өзін жәбірленуші ретінде танытып, сотқа дейін жетіп үлгерген.

Сонымен қатар, қайғыдан қан жұтқан әке айыпталушы тараптан ұсынылған миллиондардан үзілді-кесілді бас тартқанын келесі сөздерімен жеткізді:

Айыпталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған оның миллиондары керек емес, маған балам керек. Мен оны кешірген жоқпын және ешқашан кешірмеймін. Мен Тараздағы ата-анасының үйіне бардым. Оның әкесі менен көз жасын төгіп кешірім сұрады

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар