Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жемқорлықпен күресті күшейтуге, білім мен денсаулық сақтау саласын дамытуға және бала құқықтарын қорғауға бағытталған бірнеше маңызды заңнамалық актіге қол қойды, деп хабарлайды Alash.kz.
Президент бекіткен жаңа құжаттар мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіруді көздейді. Солардың ішіндегі ең негізгісі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң.
Бұдан бөлек, Президент қол қойған құжаттар пакетінде мұғалімдердің қоғамдағы орнын айқындайтын педагог мәртебесіне, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау салаларына қатысты түзетулер жинағы бар. Сонымен қатар, мұғалімдердің құқықтық жағдайын заң жүзінде нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне де педагог мәртебесіне байланысты арнайы өзгерістер енгізілді.