Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты еліміздің ұзақ мерзімді даму бағдарын қалыптастыру жөніндегі жұмысты сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін болады, деп хабарлайды Alash.kz.
Тиісті өкімге бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сарапшылар тобының құрамын бекітті.
ҚСЗИ ҚР мәліметінше, сарапшылар тобына Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин жетекшілік етеді. Оның орынбасарлары болып Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева және Президенттің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев тағайындалды. Сарапшылар тобының хатшысы болып ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов белгіленді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының жұмыс органы болып ҚСЗИ айқындалды.
Сарапшылар тобы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Оның негізгі міндеттеріне елдің ұзақ мерзімді дамуының тұжырымдамалық тәсілдері мен басымдықтарын айқындау және сараптамалық тұрғыдан пысықтау, сондай-ақ талдамалық, әлеуметтанулық және форсайттық зерттеулердің нәтижелерін талқылау кіреді.
Сарапшылар тобының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі. Оларға мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, сарапшылық қоғамдастықтың, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ басқа да мамандар тартылуы мүмкін.