Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тыйым салу арқылы мәселені шешу мүмкін емес»: Асхат Аймағамбетов жаңа заң жобасын түсіндірді

«Тыйым салу арқылы мәселені шешу мүмкін емес»: Асхат Аймағамбетов жаңа заң жобасын түсіндірді

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында балаларға бағытталған фастфудтың агрессивті жарнамасы мен энергетикалық сусындардың сатылымын реттеуге қатысты әзірленген заңнамалық түзетулер топтамасын таныстырды, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың мәліметінше, бұл бастама тамыз айында Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында қолға алынған. Себебі елімізде 5 пен 9 жас аралығындағы әрбір төртінші балада артық салмақ мәселесі байқалса, 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типті қант диабетінің мыңнан астам дерегі тіркелген. Осыған орай комитет мүшелері мен «Әділет» фракциясының депутаттары сарапшылармен бірлесіп, жаппай тыйым салуға емес, кезең-кезеңімен реттеуге негізделген нақты шаралар әзірлеген:

«Тамыз айында Мемлекет басшысы балаларға бағытталған фастфудтың агрессивті жарнамасымен күресуді тапсырды. Мәселе шынымен де өте өзекті. Қолда бар деректерге сүйенсек, Қазақстанда 5 пен 9 жас аралығындағы әрбір төртінші балада артық салмақ бар. Ал 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типті қант диабетінің мыңнан астам жағдайы тіркелген. Қазір біз комитеттегі әріптестерімізбен және «Әділет» фракциясының депутаттарымен бірлесіп, сарапшылардың қатысуымен түзетулер топтамасын дайындадық, өйткені салауатты тамақтану мен балалардың құқығын қорғау — партия бағдарламасының маңызды бағыттары. Кезең-кезеңімен әрекет етуді ұсынамыз: жаппай тыйым салусыз және оларды орындау шығындарын бағалай отырып, атаулы шаралардан бастау қажет. Мұнда фастфудқа тыйым салу туралы емес, балалар арасында оны агрессивті түрде ілгерілетуді шектеу туралы сөз болып отыр», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов ұсынылып отырған түзетулердің үш негізгі бағытына жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда, балалар телеарналары мен әлеуметтік желілердегі жарнаманы шектеу, колледждер мен лагерьлерде зиянды өнімдердің сатылуына заң жүзінде тосқауыл қою, сондай-ақ тауар құрамындағы қант, тұз бен зиянды майлар туралы ескертуді баға көрсеткіштері мен қаптамаларда айқын көрсету көзделіп отыр:

«Бірінші. Балаларды агрессивті жарнамадан қорғау. Қант, тұз және зиянды майлар мөлшері шамадан тыс өнімдердің жарнамасын балалар телеарналарында, балалар бағдарламаларында, сондай-ақ балаларға арналған барлық ұйымдарда шектеуді ұсынамыз. Оның әлеуметтік желілер арқылы агрессивті ілгерілетілуіне де назар аудару керек. Екінші. Балалар болатын жерлерде мұндай өнімнің қолжетімділігін шектеу. Мектептерде белгілі бір шектеулер бұрыннан бар. Енді қосымша түрде бар олқылықтарды жойып, мұндай талаптарды колледждерге, үйірмелерге, лагерьлерге, оңалту және балалар орталықтарына, сондай-ақ басқа да балалар ұйымдарына таратып, оларды заң деңгейінде бекіту ұсынылады. Үшінші. Өнім құрамы туралы ақпаратты түсінікті ету. Сатып алушы қаптаманың артқы жағындағы ұсақ қаріппен жазылған мәтінді іздеп әуре болмай, қант, тұз және зиянды майлардың шамадан тыс мөлшері туралы ескертуді бірден көруі тиіс. Бастапқыда баға көрсеткіштерінен бастауға болады, ал қаптамадағы ескертулерді ЕАЭО деңгейінде ілгерілету қажет. Басқа елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өндірушілер тұтынушыға үйреншікті өнімді сақтай отырып, оның рецептурасын өзгерте алады», – деді депутат.

Бұдан бөлек, Құрылтай депутаты энергетикалық сусындарға қатысты бақылауды күшейту мәселесін көтерді. 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынып, 2026 жылдан бастап акциз енгізілгеніне қарамастан, зерттеулер әрбір алтыншы жасөспірімнің апта сайын энергетик ішетінін көрсеткен. Осыған байланысты жеткізу кезінде жас мөлшерін тексеру, сусындарды касса маңынан алып тастау және жарнамасын шектеу ұсынылып отыр:

«Энергетикалық сусындарға жеке тоқталайық. Оларды 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатуға қазірдің өзінде тыйым салынған, ал 2026 жылдан бастап жыл сайын өсетін акциз қолданылуда. Бірақ мәселе әлі де бар, өйткені зерттеу деректеріне сәйкес, шамамен әрбір алтыншы жасөспірім апта сайын энергетикалық сусын ішеді. Сондықтан қолданыстағы шектеулердің сақталуын бақылауды күшейтуді, жеткізу кезінде жасын тексеруді, энергетикалық сусындарды касса маңындағы аймақтардан алып тастауды және балаларға арналған жарнама мен демеушілікті шектеуді ұсынамыз. Құрылтай қабырғасында бұл шараларды талқылау барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері оларды белсенді қолдады. Екінші кезеңнің қалған шараларын сарапшылармен талқылап жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігімен, бизнеспен, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыс істейтін боламыз. Тыйым салу арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емесін түсіну маңызды. Біз балаларға дәмдінің бәріне тыйым салып, бизнеске артық кедергі келтіргіміз келмейді. Бірақ жарнама мен сауда балаларды үнемі кері әрекетке итермелеп тұрғанда, ата-аналардан дұрыс таңдау жасауды талап етуге болмайды. Біздің міндетіміз — отбасына көмектесу, оны бұл мәселемен бетпе-бет қалдырмау. Осы жағдайларды өзгерту керек — деректерге сүйене отырып, ақылды реттеу арқылы кезең-кезеңімен», – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар