Америка Құрама Штаттары 2027 жылы-ақ дефолтқа тап болуы ықтимал, осыған байланысты ел президенті Дональд Трамп федералды қарыз алуға заңмен қойылған шектеуді түбегейлі алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz.
АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың 26 қазанындағы жағдай бойынша елдің жалпы мемлекеттік қарызы 40,52 триллион долларға жеткен. Ал қолданыстағы мемлекеттік қарыз лимиті шамамен 41,1 триллион доллар деңгейінде бекітілген (бұл көрсеткіш соңғы рет 2025 жылдың шілдесінде 5 триллион долларға ұлғайтылған болатын). Дегенмен қарыз шегін есептеуде қолданылатын берешек көлемі жалпы мемлекеттік қарыз сомасынан ерекшеленеді.
Fox News телеарнасына сұхбат берген Дональд Трамп егер билік мемлекеттік қарыз лимитіне қатысты мәселені реттемесе, Америка тарихында бұрын-соңды болмаған ауыр қаржылық салдар мен банкроттыққа ұшырау қаупі бар екенін ескертті. Сонымен қатар ол Құрама Штаттарда мемлекеттік қарыз алуға ешқандай шектеу болмауы керектігін алға тартты.
Bipartisan Policy Center талдау орталығының 18 қарашада жариялаған болжамына сүйенсек, АҚШ белгіленген қарыз шегіне 2027 жылдың ақпан немесе наурыз айларында жетуі мүмкін. Бірақ бұл жағдай бірден автоматты түрде дефолт басталады дегенді білдірмейді. Лимит таусылған сәтте Қаржы министрлігі ақшалай резервтер мен заңнамада қарастырылған төтенше тетіктерді іске қосады. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл қор шамамен алты айдан тоғыз айға дейін жетеді. Егер осы мерзім ішінде Конгресс тиісті шешім қабылдамаса, үкімет өз қаржылық міндеттемелерін уақтылы орындай алмай қалуы мүмкін.
Сарапшылардың пайымдауынша, АҚШ-тың ықтимал дефолты жаһандық экономикаға орасан зор соққы болып тиеді. Өйткені америкалық мемлекеттік облигациялар халықаралық қаржы жүйесінде шешуші рөл атқарса, доллар әлемдік есеп айырысуларда кеңінен пайдаланылады. Міндеттемелердің орындалмауы инвесторлар сенімін шайқалтып, қор және валюта нарықтарында тұрақсыздық тудырады, несие құнын қымбаттатып, халықаралық сауданы тежейді. Ал дағдарыс ұзаққа созылса, әлемдік рецессия қаупі күшейе түседі.
Бұл жаһандық дүрбелеңнің теріс әсері Қазақстанды да айналып өтпеуі мүмкін. Әлемдік нарықтардағы ауқымды тұрақсыздық кезінде дамушы елдерден капитал жылыстап, ұлттық валюта — теңгеге қысым артады және шетелдік инвестициялар ағыны қысқарады. Бұған қоса, дағдарыс салдарынан әлемдік нарықта мұнайға деген сұраныс төмендесе, бұл еліміздің экспорттық табысы мен бюджет кірістеріне кері әсерін тигізеді. Теңгенің әлсіреуі өз кезегінде импорттық тауарлардың қымбаттауына және инфляцияның өршуіне әкеп соғуы ықтимал. Десе де, бұл тәуекелдердің нақты ауқымы дағдарыстың қанша уақытқа созылатынына және әлемдік қаржы нарықтарының реакциясына тікелей байланысты болмақ.