Панамада World Boxing халықаралық федерациясының конгресі өтіп, ұйымның басшылық қызметтеріне жаңа үміткерлер сайланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сайлаудың нәтижесі бойынша Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы қызметіне сайланды.
ҰОҚ мәліметінше, комитет халықаралық турнирлерді ұйымдастыру және жарыс жүйесін жетілдіруге қатысты көптеген мәселемен айналысады. Оның міндеттеріне бокстың техникалық ережелерін әзірлеу және қайта қарау, спортшылардың жабдықтарына, салмақ дәрежелеріне және жарыс өткізуге қатысты басқа да талаптарды белгілеу кіреді.
Сонымен қатар комитет халықаралық жарыстар күнтізбесін қалыптастыру, турнирлердің өткізу форматын, әлемдік рейтинг жүйесін, спортшыларды жеребе кезінде орналастыру тәртібі мен іріктеу талаптарын әзірлеу бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ World Boxing жарыстарын өткізуге қойылатын талаптар мен қағидаларды белгілейді. Комитеттің барлық ұсыныстары мен қорытындылары Халықаралық федерацияның Атқарушы кеңесінің қарауына жіберіледі.