Бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов әлеуметтік желідегі парақшасында отбасындағы ерекше қуанышты хабарлап, ұлды болғанын сүйіншіледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Танымал спортшы бұл қуанышқа жеткенше отбасының талай ауыр сынақтан өткенін, үш перзентінен айырылып, үнсіз көз жасын төккен сәттерін жасырмай баяндады:
— «АЛЛАҒА ШҮКІР… БІЗ ҰЛДЫ БОЛДЫҚ! Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен… Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық… Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар… Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық. Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей… Алланың қалауымен ұлды болдық!», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Сәкен Бибосынов құшағындағы сәбидің өміріне зор қуаныш пен үміт сыйлағанын атап өтіп, жақындарына айрылған үш перзентін ешқашан ұмытпайтынын жеткізді, сондай-ақ перзент зарығып жүрген барлық ата-анаға ізгі тілегін арнады:
— «Бүгін құшағымыздағы кішкентай сәби — талай көз жастан кейінгі қуанышымыз, талай сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт. Біз өткенді ұмытпаймыз. Жүрегімізде үш перзентіміздің де орны мәңгілік. Өмір деген осы шығар… Бір жағында қуаныш, бір жағында сағыныш. Бұл өмір — бір кем дүние… Уа, Аллам! Бізге берген осы аманатыңа шексіз шүкір! Ұлымыздың ғұмырын ұзақ, денін сау, иманын берік етіп, қайырлы азамат болуын нәсіп ет! Перзент аңсап жүрген барлық ата-ананың дұғасын қабыл етіп, шаңырақтарына сәби күлкісін нәсіп етсін! Әлхамдулиллаһ!», – деп түйіндеді боксшы.