Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Туризм саласы комитетінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Палата Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев қатысты.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, елге келетін шетелдік туристер санын арттыру және қызмет сапасын жақсарту мәселелерін талқылады.
Министрдің айтуынша, кейінгі жеті жыл ішінде ел аумағында саяхаттап, қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарына тоқтаған қазақстандықтардың саны екі есеге жуық өсіп, 2025 жылы 8,66 млн адамға жетті. Осы кезеңде салаға салынған инвестиция көлемі 2,5 есе артып, 502 млрд теңгеден 1,26 трлн теңгеге жетті.
«Ортақ мақсатымыз – кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, туристік инфрақұрылымды дамыту және қызмет сапасын жақсарту. Біз үшін кәсіпкерлердің пікіріне құлақ асып, саладағы өзекті мәселелердің шешімін бірге табу маңызды», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр 2026 жылғы жазғы маусымды қорытындылай келе, демалушылардың әсіресе Алакөлдің Жетісу облысындағы жағалауы мен Балқаштың курорттық аймағын жиі таңдағанын атап өтті. Маусымға дайындық кезінде бұл жерлерде инфрақұрылым жаңартылып, жолдар жөнделді. Көлік қатынасы жақсарып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Кәсіпкерлер отандық қонақүй брендтерін дамыту, ұлттық парктерде туристік нысандарды орналастыру және жеке инвестиция тарту жөнінде ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның туристік қызметтерін шетел нарығында ілгерілету жолдарын талқылады. Салалық қауымдастықтар маман даярлау, кәсіптік стандарттар, қызмет сапасы мен туристердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді көтерді.
Туризм және спорт министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және тиісті мемлекеттік органдар отырыста айтылған ұсыныстар бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады.