Қазақтан шыққан тұңғыш таэквондо шебері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм әкесінің туған күніне орай жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүгін көзі тірі болғанда 72 жасқа толатын әкесін еске алған Неслихан Өзтүрік одан тым ерте айырылғанымен, әке бейнесін қазақ халқының жүрегі мен ыстық ықыласынан қайта тапқанын тебірене жеткізді:
«Бүгін менің сүйікті әкем Мұстафа Өзтүрік 72 жасқа толар еді. Біз сенен тым ерте айырылдық. Бірақ мен сені өз халқыңның жүрегінен қайта таптым. Адамдар сен туралы айтқанда, олардың көздері қалай жарқырайтынын көрсең ғой деп қатты армандаймын… Әке, халқың сені ұмытқан жоқ. Қазақ барда, сен де барсың!», – деп жазды ол.
Сонымен қатар спортшының қызы өзін тарихи отанымен, түп-тамырымен қайта қауыштырғаны үшін әкесіне алғыс айтып, оның атына лайықты перзент болуға тырысатынын атап өтті:
«Мені өз тамырыммен қайта қауыштырғаның үшін рақмет. Саған лайықты қызбын деп үміттенемін. Сені ойламай өткен бірде-бір күнім жоқ. Алла саған жұмақтың ең жоғары дәрежесін нәсіп етсін. Туған күнің құтты болсын, әке! Мәңгілік махаббатпен, сенің қызың», – деп түйіндеді Неслихан Өзтүрік.
Айта кетейік, Мұстафа Өзтүрік (1954–1995) — қазақ спорт тарихындағы даңқты тұлға, таэквондодан 7-дан иегері, Қазақстан Таэквондо федерациясының негізін қалаушы. Ол 1954 жылы 23 қарашада Түркияның Қайсері қаласында дүниеге келген. Стамбұл мен Тайваньда білім алып, шығыс жекпе-жегінің қыр-сырын меңгерген бапкер еліміз тәуелсіздік алған тұста атажұртқа оралып, отандық таэквондо мектебінің іргетасын қалады. 1995 жылы Алматы қаласында небәрі 40 жасында дүниеден озды.