Құрылтай депутаты Наталья Годунова «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Alash.kz BAQ.KZ ақпаратына сілтеме жасап.
Бұған дейін екі жыл бойы аталған компанияның директорлар кеңесінде мүше болған депутаттың пайымдауынша, ҚТЖ төңірегіндегі айыптауларға қатысты нақты баға беруге әлі ерте, сол себепті алдымен тергеу амалдарының қорытындысын күткен жөн. Дегенмен ол компаниядағы жемқорлық деректері жекелеген қызметкерлермен ғана шектелетініне сенім білдірді:
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы аз ғана лауазымды тұлғамен шектеледі деп үміттенемін», – деді Наталья Годунова.
Сондай-ақ спикер квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жүйесінде бұрыннан қордаланған түйткілдер бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық органды басқарған және ҚТЖ құрылымында еңбек еткен тұста сатып алулардың басым бөлігі конкурстық рәсімдерсіз өтетіні байқалған. Мәселен, 2021–2022 жылдары квазимемлекеттік сектордағы тікелей сатып алулар үлесі 70 пайызға дейін жеткен. Бұған қоса, депутат отандық өндіріс әлеуетіне тоқталып, теміржол саласына керекті бірқатар өнімнің елімізде шығарылатынын жеткізді:
«Қазір теміржол саласына қажетті бірқатар өнім Қазақстанда өндіріледі. Олардың қатарында қуатты трансформаторлар, желілік коммутаторлар, қысым датчиктері, радиостанциялар мен бағыттамалы бұрмалар бар», – деді Годунова.
Қазіргі таңда ҚТЖ арқылы еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар қолға алынып, компания алдына транзит көлемін 55 миллион тоннаға жеткізу міндеті қойылған. Депутат бұл межені бағындыруға толық мүмкіндік барын және жобаларды іске асыру кезінде өрескел заң бұзушылықтар шыға қоймайтынын айтқанымен, соңғы сөзді тергеу органдары айтатынын ескертті.
Бұдан бөлек, Наталья Годунова ұлттық компанияның директорлар кеңесінің негізгі құрамы Қазақстан азаматтарынан жасақталғанын, ал шетелдіктерден теміржол саласында мол тәжірибесі бар тек екі-үш тәуелсіз директор ғана бар екенін нақтылады. Оның сөзінше, кеңес жанынан құрылған комплаенс және ішкі аудит қызметтерінің жұмысы отырыстарда тұрақты қаралып, осы бағыттағы тәуекелдер бақылауда ұсталған.