Қызылорда қаласында көшеде екі қызға тиіскен ер адамға тосқауыл болмақ болған 18 жастағы медициналық колледж студенті пышақ жарақатын алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қолға түскен:
«Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 42 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр, іс департамент басшылығының бақылауында», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Оқиға 2026 жылдың 20 қарашасында кешкі сағат 19:30–20:00 аралығында Шұғыла шағынауданында болған. Threads әлеуметтік желісінде тараған дерекке қарағанда, сыраханадан шыққан 1984 жылы туған ер адам жолда кетіп бара жатқан екі қызға тиісе бастаған. Сол маңнан өтіп бара жатқан медициналық колледждің 4-курс студенті Нұралла қыздарға араша түскен сәтте ер адам оған пышақ сұққан. Жарақат алған студент қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдікті бұған дейін де шағынаудан тұрғындарының мазасын алып, күндіз-түні өткен-кеткенге тиісіп, әдейі жанжал іздеп жүрген. Әлеуметтік желі қолданушысы қыздардың оқудан үйге қайтар жолда да қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегеніне алаңдаушылық білдірді:
«Егер 19:30-ды кеш уақыт деп ойласаңыздар, оқу орындарында сабақ сағат 19:00-де аяқталады», – деп жазды жазба авторы.
