Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұр! Ұрмасаң, сені ұрамыз!»: Жамбыл облысында 14 жастағы оқушы 22 күннен бері комада жатыр

«Ұр! Ұрмасаң, сені ұрамыз!»: Жамбыл облысында 14 жастағы оқушы 22 күннен бері комада жатыр

Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу ауылында жоғары сынып оқушыларының әлімжеттігінен соң 14 жастағы Асылбек Рахманқұлов ауыр халде ауруханаға түсіп, 22 күннен бері ес-түссіз жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Қазіргі таңда отбасындағы үш қыздың арасындағы жалғыз ұлдың жағдайы аса ауыр. Дәрігерлер баланың 37 минут бойы миы мен жүрегі арасындағы байланыс үзіліп, ми жасушалары зақымданғанын айтқан. Он күн терең комада жатқан жасөспірім қазір аппаликалық кома күйінде аппаратпен тыныс алуда, ал анасы мен әпкелері палатада кезектесіп күзетіп отыр:

«Інімнің жағдайы өте ауыр. Екі сіңілім мен мамам бәріміз кезектесіп қарап жүрміз. Жансақтау бөлімінен шығарған себебі – дәрігерлер "науқасқа күтім дұрыс болмайды, бауырларындай ешкім қарай алмайды" деп палатаға ауыстырды. Бала он күн терең комада болды, қазір аппаликалық комада. Бала көзін ашады, бірақ реакция жоқ. Ми толқындары өте баяу, миындағы жасушалары өліп қалған, тек жүрегі соғып жатыр, оның өзінде аппаратпен тыныс алып жатыр», – дейді оқушының туыстары.

Оқиға 31 қазан күні болған. Жасөспірімнің әпкесі Аружан Рахманқұлованың сөзінше, ауылда 11-сынып оқушылары аптасына бір рет 8, 9, 10-сынып балаларын жинап, «сход» ұйымдастыратын жүйе қалыптасқан. Олар кіші сынып оқушыларына мал қора мен әжетхана тазалатып, айтқанына көнбегендерін жазалайды екен. Сол күні қызылша теруге жұмысқа шыққан Асылбек шақырған жұмысқа да, күндізгі жиналысқа да бара алмаған. Кешкі сағат жеті шамасында мәдениет үйінің артындағы жиынға кешігіп барған оны жоғары сынып оқушылары «ұйықтап қалдым» деген уәжіне сенбей, 10-сынып оқушысы Нұргелді Айдарға күштеп ұрғызған:

«Cход аптасына бір рет ұйымдастырылады. 11-сынып оқушылары 8, 9, 10-сынып оқушыларын жинап алып, тапсырмасын орындамаған балаларды жазалайды. Сол күні Асылбекті жазалаған. Асылбек қанша ақталса да, сенбеген. 11-сыныптың балалары 10-сыныпта оқитын Нұргелді Айдар деген балаға "ұр, ұрмасаң сені ұрамыз" деп бұйрық берген. Ол бас тартқан, бірақ жоғары сынып оқушылары оны мәжбүрлеген. Бұның бәрін күдікті деп танылған Нұргелді айтып отыр», – деді Аружан Рахманқұлова.

Жүрек тұсынан төрт рет соққы алған Асылбек сол жерде есінен танып құлаған. Қасындағылар «тастап кете бер» дегеніне қарамастан, Нұргелді жедел жәрдем шақыруға ұмтылып, баланың анасы Бағила Қонақбаеваға өзі қоңырау шалған. Анасы Аса ауылындағы ауруханаға барғанда дәрігерлер алғашында баланың жүрегі тоқтағанын айтып, он минуттан кейін ғана қайта іске қосқан. Жол көтере алмайтын болғандықтан, науқас тек он күннен соң ғана Тараз қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Қазір жәбірленуші тарап тергеу барысына көңілі толмай отыр:

«Балам ес-түссіз жатыр, ешкімді танымайды. Баламды ұрған, ұрған бала кінәсін мойындап тұр. Маған хабарласқан Нұргелді Айдар деген бала, Асылбекті ұрған сол бала. Бірақ Нұргелдіге 11-сыныптың балалары ұрғызған. Ұрған бала бәрін мойындап айтып тұр, ал мәжбүрлеп ұрғызған үш бала тергеуде жоқ», – дейді анасы Бағила Қонақбаева.

Туыстарының айтуынша, полиция істі әлеуметтік желіде шу көтерілгеннен кейін ғана қолға алып, Нұргелдіні үйқамаққа алған, ал оқиға орнында болған 11-сыныптың үш оқушысы жауапкершіліктен тыс қалып отыр. Өз кезегінде Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің полиция бөліміне жеткізілгенін және барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ал Жамбыл облыстық білім басқармасы Бірлесу-Еңбек орта мектебінде қызметтік тексеріс жүргізілгенін хабарлады. 3 қарашадағы №107 және №108 бұйрықтармен мектеп психологы мен директордың құқық ісі жөніндегі орынбасарына «қатаң сөгіс» берілсе, әлеуметтік педагогке, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, сондай-ақ 9 және 10-сынып жетекшілеріне «сөгіс» жарияланды. Бұдан бөлек, Жамбыл ауданы прокуратурасының ұсынысымен мектеп директорының атқарып отырған лауазымына сәйкестігі қаралып жатыр және 8–11 сынып оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде кеңейтілген жиналыс өткізілген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар