Қайын жұртындағы туысына мемлекеттік пәтерді заңсыз рәсімдеп беріп, бюджетке 9,4 миллион теңгеден астам залал келтірген Ақтөбе қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімовке екінші мәрте сот үкімі кесілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс материалдарына сүйенсек, заңсыз әрекет 2023 жылдың шілде айында басталған. Сол уақытта бұрынғы шенеуніктің қайын жұртындағы әйел азамат тұрғын үй қатынастары бөліміне жүгініп, атасының қайтыс болуына байланысты мемлекеттік баспананы жалдау келісімшартын өз атына қайта рәсімдеуді сұраған. Алайда сот барысында марқұмның да, өтініш беруші әйелдің де бұл пәтерге ешқандай қатысы болмағаны, сондай-ақ азаматшаның тіпті тұрғын үй кезегінде тұрмағаны әшкереленді.
Бұған қарамастан, Жандос Әлімов құжатты тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынып, мәселенің оң шешілуіне тікелей ықпал еткен. Бастапқыда туысына Әбілқайыр хан даңғылындағы пәтерді беру жоспарланғанымен, кейіннен оны Есет батыр көшесіндегі басқа баспанаға алмастырған. Нәтижесінде 2024 жылғы 11 қаңтарда комиссия аталған пәтерді тегін жекешелендіруге рұқсат беріп, 15 қаңтарда тиісті шарт бекітілген. Қалдық құны 9 455 215 теңгеге бағаланған бұл баспананы 2024 жылғы 17 шілдеде әйелдің анасы бөгде адамға 5 миллион теңгеге сатып жіберген.
Сот отырысында экс-шенеунік өзіне тағылған айыпты мойындамай, шешімді комиссияның алқалы түрде қабылдағанын және заң талаптарын бұзбағанын алға тартқанымен, сот оның бұл уәждерін негізсіз деп тапты. 9 қарашада Ақтөбе қаласының №2 соты Жандос Әлімовті Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы («Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану») бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Еске сала кетейік, биылғы 29 сәуірде дәл осы сот Жандос Әлімовті өзге де азаматтарға заңсыз баспана әперу дерегі бойынша 6 жылға соттаған болатын. Жаңа жаза алдыңғы үкіммен ішінара біріктіріліп, түпкілікті жаза мерзімі 6 жыл күйінде қалдырылды. Сонымен қатар сотталған азамат енді өмір бойына мемлекеттік қызметте және бірқатар мемлекеттік ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, ол мемлекетке келтірілген 9 455 215 теңге көлеміндегі материалдық шығынды Ақтөбе қаласының бюджетіне өтеуге міндеттелді.