Құрылтай Спикері Парламентаралық одақтың президентімен кездесті, деп хабарлайды Alash.kz.
Құрылтай Спикері Айбек Дәдебай Астанаға жұмыс сапарымен келген Парламентаралық одақтың президенті Милтон Дикпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Парламентаралық одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мемлекеттердің цифрлық дамуындағы парламенттердің рөлін талқылады.
Құрылтай Төрағасы қонаққа Қазақстан Президенті бастамасымен жүзеге асқан ауқымды саяси реформалар – жаңа Конституцияның қабылдануы, бір палаталы Құрылтайға көшу және Вице-Президент пен Халық кеңесі жаңа институттарының енгізілуі туралы айтып берді.
Құрылтайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жетістіктеріне де ерекше назар аударылды. Құрылтай Төрағасы екі суперкомпьютер іске қосылғанын, үшіншісі жақын арада іске қосылатынын және мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн режимінде көрсетілетінін айтты. Бұл жетістіктердің негізінде еліміздегі ұлттық заңнаманы тұрақты түрде жаңарту жұмыстары жатқанын атап өтті.
Шетелдік қонаққа еліміздегі заманауи IT мамандарын даярлау туралы да ақпарат берілді. Осы орайда жүздеген мың азаматқа жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту үшін қажетті құзыреттіліктерді игеруге мүмкіндік берген мемлекеттік «AI-Sana» бағдарламасының жүзеге асырылуына айрықша назар аударылды. Өз кезегінде Милтон Дик Қазақстанға сапары туралы жылы лебізін білдіріп, барлық кездесулердің жемісті болғанын атап өтті.