Ақмола облысының Қосшы қаласындағы қоғамдық мәдени-спорт кешенінде қайғылы жағдай орын алды. Жаттығу кезінде он жасар қыз бала кенеттен көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ресми мәліметтер бойынша, мектеп оқушысы «бронх демікпесі» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Сабақ барысында баланың денсаулығы сыр беріп, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған. Жағдайы қиындай түскендіктен, арнайы жабдықталған реанимобиль көмегіне де жүгінген. Алайда медицина мамандарының араша түскеніне қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Ақмола облыстық полиция департаменті ахуалға қатысты төмендегідей мәлімдеме жасады:
«Кәмелетке толмаған баланың өлімі туралы дерек Қосшы қалалық полиция бөлімінде тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады».
Тергеу қорытындысы бойынша спорт кешені қызметкерлерінің немесе өзге де жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.