Жаңа Конституцияның жобасы әзірленіп, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 6-отырысында Ата заңның құрылымы мен мазмұнына енгізілген елеулі өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованың айтуынша, 2025 жылдың қазан айынан басталған ауқымды жұмыстың нәтижесінде құжат концептуалды түрде жаңарған. Жаңа жоба Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, қолданыстағы мәтіннің 84 пайызына түзетулер енгізуді көздейді.
Комиссия отырысында Эльвира Әзімова жаңа құжаттың форматы туралы былай деді:
«Конституция жаңа құрылымда ұсынылып отыр. Оған жаңа редакциядағы Преамбула, 95 баптан тұратын 11 бөлім кіреді. Сонымен бірге 4 бөлім мүлдем жаңа атаулармен беріледі. Пысықталған Конституцияның жаңа жобасы бүгін сіздерге ұсынылады».
Жалпы алғанда, 77 бапқа түзетулер енгізу ұсынылған. Комиссия мүшелері өткен отырыстарда редакциялық сипаттағы бірқатар ұсыныстарды мақұлдап, жаңа жобаны толықтай қалыптастырды.