Жаңа Конституциясының жобасында мемлекет басшысына қатысты талаптар мен оның өкілеттіктері айтарлықтай жаңартылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Реформа аясында үшінші «Президент» бөлімі тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі Президенттің рөлін нақтылайтын соны ережелермен толықтырылды.
Ендігі кезекте ел Президенті билік тармақтарының өзара үйлесімді жұмысын қадағалап қана қоймай, билік органдарының халық алдындағы тікелей жауапкершілігін қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл ретте үміткерлерге қойылатын критерийлер де қатаңдатылды. Жоғары білім мен мемлекеттік қызметтегі кемінде бес жылдық тәжірибе міндетті шартқа айналды.
Бақыт Нұрмұханов бұл өзгерістердің маңызын былайша түсіндірді:
«Жаңа Конституцияның жобасындағы үшінші «Президент» бөліміне тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралған және мүлде жаңа ережелер енді. Онда ел Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының Қазақстан Республикасының біртұтас халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді, деген норма қарастырылды. Республика Президентіне үміткерлерге талаптар нақтыланды. Ең жоғары лауазымды тұлға болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімді және мемлекеттік қызметте, сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл тәжірибесі бар Қазақстан азаматы сайлана алады».