Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы ауруханалардың бірінде жан түршігерлік оқиға орын алып, 29 жастағы терапевт-дәрігер Нұрдәулет Аманғалиев қаза тапты. Баспалдақтың түбінде қастандық жасалған дәрігердің жақындары күдіктіге кешірім берілмейтінін айтты, деп жазады Alash.kz.
Куәгерлер мен медицина мамандарының мәліметінше, маманға мекеме дәлізінде белгісіз ер адам суық қарумен шабуыл жасаған.
Марқұмның денесінен мойын, кеуде қуысы мен қол тұсындағы көптеген терең жарақаттар анықталған. Шабуыл салдарынан ірі тамырлары зақымданып, дәрігер көп мөлшерде қан жоғалтқан. Әріптестері оны шұғыл түрде операция үстеліне жатқызғанымен, ауыр жарақаттар мен қан жоғалтудың әсерінен аман алып қалу мүмкін болмады.
Алдын ала болжамдар бойынша, бұл қылмыстың дәрігердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ. Жақындарының айтуынша, күдіктінің жұбайы аталған ауруханада медбике болып жұмыс істейді, ал қылмысқа ер адамның негізсіз қызғанышы себеп болуы мүмкін.
Туыстарының дерегінше, марқұмның денесіне 21 рет пышақ сұғылған:
«Сау адам солай жасай ма? Адам дұшпанына да олай жасамайтын шығар. Адам итке де олай жасамайды. Сонша адам жүр. Отырған орнына барып, пышақтағанын бір адам көрмеген бе, сонда?! 21 жеріне тыққанша бәрі қарап тұра берген бе?!» - деп жанайқайын айтты марқұмның анасы.
Қазіргі таңда бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Дәрігерді қызғаныштан пышақтады делінген тұлға полицияға өзі барып, берілген. Күдіктінің үстінен дереу қылмыстық іс қозғалды. Қаза болған дәрігердің анасы баласын өлтірген адамға ешқандай кешірім бермейтінін және әділ жаза талап ететінін жеткізді.