АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне бағытталған кезекті қатаң мәлімдемесін жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Musavat.com порталының дерегінше, Американың айбынды әскери флоты Иран жағалауына қарай бет алған. Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында бұл флоттың бұған дейін Венесуэлаға жіберілген күштерден де ауқымды екенін және оны «Abraham Lincoln» авианосеці бастап келе жатқанын хабарлады.
Ақ үй басшысы Иран тарапын уақыт жоғалтпай, ядролық қарудан толық бас тартуды көздейтін әділ келісімге келуге шақырды. Президент бұған дейін жүргізілген Operation Midnight Hammer операциясын мысалға келтіріп, ресми Тегеранға ескерту жасады.
Дональд Трамп АҚШ-тың әскери әлеуеті мен алдағы жоспары туралы былай деді:
«Венесуэла жағдайындағыдай, бұл флот қажет болған жағдайда өз миссиясын тез арада және күш қолдану арқылы орындауға дайын».
Сонымен қатар ол Иран билігіне келісімге келу туралы бұған дейін де ұсыныс жасалғанын, бірақ оның орындалмауы елді үлкен шығынға ұшыратқанын алға тартты. Президент өз сөзінде алдағы қауіптің бұрынғыдан да жойқын болатынын мәлімдеді:
«Уақыт өтіп жатыр, бұл - шұғыл ситуация. Мен Иранға бұған дейін де айтқанмын. Келісімге келіңіздер. Олар бұлай істемеді. Соның салдарынан Operation Midnight Hammer операциясы жүргізіліп, Иран үлкен шығынға ұшырады. Келесі соққы бұдан да жойқын болады. Осы жағдайдың қайталануына жол бермеңіздер».