Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Үнсіз қала алмаймын…»: Айжан Аймағанова атышулы мәселеге қатысты өткір пікір білдірді

21:09, 09 тамыз 2026

Белгілі прокурор Айжан Аймағанова әлеуметтік желілерде әйелдердің құқығын таптауға және гендерлік араздық тудыруға бағытталған көзқарастарға қарсы кесімді пікірін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.

Құқық қорғаушы қоғамда қызу талқыға түскен мұндай мәселеге бейжай қарай алмағанын жазды:

«Үнсіз қала алмаймын. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде әйелдерді кемсітуге, ерлер мен әйелдерді бір-біріне қарсы қоюға үндейтін пікірлер қызу талқыланып жатыр. Бұл мені бейжай қалдырмады».

Аймағанова ел Конституциясы мен заңдарына сүйене отырып, Қазақстанның әрбір азаматының ар-ожданы мен діни сенім бостандығы қорғалатынын еске салды. Сонымен қатар ол әйелдердің отбасы берекесін кіргізіп қана қоймай, медицина, білім, ғылым, кәсіпкерлік, әскери және мемлекеттік қызмет салаларында еңбек етіп, мемлекеттің дамуына зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

Сондай-ақ ол сөзін былай деп жалғастырды:

«Әйелге деген құрмет – белгілі бір көзқарастың немесе дәстүрдің мәселесі емес. Бұл – адамға деген құрметтің көрінісі. Ал адамға құрмет көрсету – Конституциямыздың негізгі қағидаттарының бірі».

Прокурор өз жазбасында құқық қорғау саласындағы мол тәжірибесіне сүйеніп, әйелді төмендетудің соңы ауыр салдарға соқтыратынын да ескертті:

«Прокуратура органдарында ұзақ жылдар қызмет еткен адам ретінде әйелдің қадір-қасиетін төмендетудің қандай ауыр зардаптарға әкелетінін жақсы білемін. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне соққыдан басталмайды. Ол сөзден басталады. Әйелді ер адамнан төмен санаудан, оның пікірін елемеуден, оны қорлауға немесе өзіне бағындыруға болады деген қате түсініктен басталады. Сондықтан мұндай пікірлерге дер кезінде нақты әрі принципі баға беру аса маңызды.

Әрқайсымыздың көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Олар – Конституцияға, заңға және адам қадір-қасиетіне деген құрмет. Осы құндылықтар баршамыз үшін ортақ бағдар болып қала бергенде ғана Қазақстан қуатты, заманауи әрі әділетті мемлекет болып қала береді».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар