Гүлмира Сатыбалды төртінші қылмыстық іс бойынша да кінәлі деп танылды. Алайда сот оған қосымша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамаған. Бұған дейін белгіленген 12 жылдық жаза мерзімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Kozachkov Offside Telegram арнасының мәліметінше, бірнеше күн бұрын Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 56 жастағы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа үкім шыққан.
Бұл жолы ол алдау арқылы мүліктік зиян келтіру және өз бетінше билік жүргізу бойынша айыпталған. Қылмыстық іс оның туысы, әпкесінің бұрынғы күйеуі Абай Жүнісовке қатысты әрекеттеріне байланысты қозғалған.
Мәлімет бойынша, Гүлмира Сатыбалды мен Абай Жүнісов бірге кәсіп жүргізіп, Алматыдағы «Восточка» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысқан. Кейін Жүнісов Сатыбалдының адамдары тарапынан қысым көргенін айтып, компаниялардағы үлестерін беруге мәжбүр болғанын мәлімдеген.
Абай Жүнісовтің айтуынша, оны Гүлмира Сатыбалдының үйінің жертөлесінде бірнеше ай бойы еркінен тыс ұстаған. Кейін ол қойылған талаптардың барлығына келісуге мәжбүр болғанын айтқан.
Соның салдарынан Жүнісовтің «ВТБ Банкі» алдындағы қарызы 8 миллиард теңгеден асқан.
Гүлмира Сатыбалды бұл іс бойынша да өз кінәсін мойындамаған. Ол Жүнісовтің банк алдындағы қарызының өзіне қандай қатысы бар екенін түсінбейтінін мәлімдеген.
Алайда сот оны тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп таныды.
Сот шешімімен Сатыбалдыдан 8 миллиард теңгеден астам қаржыны өндіріп алу туралы шешім шығарылған. Ал жаңа қылмыстық іс бойынша оған қосымша бас бостандығынан айыру мерзімі тағайындалған жоқ. Осылайша, оның бұрын белгіленген 12 жылдық жаза мерзімі өзгеріссіз қалды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды бұған дейін де бірнеше қылмыстық іс бойынша сотталған. 2023 жылы оған өз бетінше билік жүргізу, адам ұрлау, бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету бойынша айыптар тағылып, бастапқыда 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін бопсалау және заңсыз бас бостандығынан айыру ісі бойынша жаза мерзімі 12 жылға дейін ұлғайтылған.