АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандарды беру туралы өтінішке жауап беріп, Вашингтонның өзіне де зымырандар қажет екенін айтты, деп жазды Alash.kz.
Трамптың сөзін РИА Новости агенттігі келтіреді.
«Біз Украинаға өте көп оқ-дәрі бердік. Байденнің адамдары мұны жасады, әрі барлығын дерлік тегін берді. Бізге өзімізге де зымырандар қажет. Байден оған өте көп қару-жарақ берді. Байден 300 миллиард доллар көлемінде оқ-дәрі жеткізді», – деді АҚШ президенті.
Трамп АҚШ-қа қару-жарақ қорын қайта толықтыру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл арсенал Вашингтонға «басқа мақсаттар» үшін де қажет болуы мүмкін.
Бұл мәселе Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-тан Patriot әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандарды өндіруге мүмкіндік беретін лицензия сұрауымен байланысты болып отыр.
Шілде айының соңында Зеленский Ақ үйде Трамппен жабық форматта кездескен. Кездесуден кейін Украина президенті Трамп Киевке Patriot жүйелеріне арналған зымырандарды өндіруге лицензия беруге келісті деп мәлімдеген.
Алайда Трамп кейін бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданбағанын аңғартты. АҚШ президенті бұған дейін Financial Times газетіне берген сұхбатында Вашингтонның Украинаға Patriot зымырандарын өндіру лицензиясын беру-бермеу мәселесін әлі қарастырып жатқанын айтып, өзі де әзірге нақты сенімді емес екенін мәлімдеген.
Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары Boeing компаниясы Patriot зымырандарына арналған нысананы көздейтін бастиектерді өндіретінін және тиісті технологияны Украинаға беруге лицензия ұсынудан бас тартып отырғанын хабарлады.
Осылайша, Киевтің Patriot зымырандарын өз аумағында өндіру туралы бастамасы әзірге нақты шешіммен бекітілген жоқ.