Алматы облысының Ащыбұлақ ауылында 29 жастағы келіншектің ажал құшуына байланысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм Гүлмираның жақындары оның отбасында жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін екенін айтты. Қаза тапқан азаматшаның әпкесі Әзиза Мырзақұлова сіңлісінің өмірге құштар, бауырмал жан болғанын айтып, оның өз өзіне қол жұмсағанына мүлде сенбейтінін жеткізді. Мемлекеттік медицина саласында білім алып, бес жылдай ауруханада еңбек еткен Гүлмира 26 жасында өзінен 13 жас үлкен ер адаммен тұрмыс құрып, егіз бала сүйген.
Туған-туыстарының сөзінше, отбасында жиі керіс болып тұрған. Қайғылы оқиға орын алған күні Гүлмира жақындарына бейнеқоңырау соғып, күйеуінің өзіне күш көрсеткенін айтып, денесіндегі жарақаттарды көрсеткен.
Марқұмның анасы Оразгүл Монбекова: «Зорлық-зомбылықтың кесірі деп ойлаймын. Басқа ешқандай себеп жок. Мәйітханада қызымның денесіндегі көгерген іздерді көрдім», – деп, қызының қазасын тұрмыстық зомбылықпен байланыстырды.
Алайда марқұмның қайын атасы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, ұлының әйеліне қол көтеруі мүмкін емес екенін мәлімдеген.
Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин: «Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деп хабарлады.
Қазіргі таңда марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Іс бойынша Гүлмираның күйеуі күдікті ретінде танылды, ал оның кінәсі сотта дәлелденген жағдайда ғана құқықтық жауапкершілік мәселесі шешіледі.