Мәскеуде Ресей халықтар достығы университетінің (РУДН) Қытай азаматы, 42 жастағы аспиранты Чэнь Юн Та тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы «Медиазона» басылымына сілтеме жасаған The Insider хабарлады, деп жазды Alash.kz.
Мәліметке сәйкес, Мәскеудің Лефортово аудандық соты Чэнь Юн Таны сәуір айында тергеу изоляторына жіберген. Алайда оның тыңшылық ісі бойынша қамауға алынғаны туралы ақпаратқа БАҚ тамыз айында ғана назар аударған.
Оған дейін, 30 наурызда Дорогомилов аудандық соты Чэнь Юн Таға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындаған. Сот материалдарына сәйкес, ол 28 наурызда қоғамдық орында балағат сөздер айтқан.
Қазір Чэнь Юн Таға қатысты тыңшылық бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Егер кінәсі сотта дәлелденсе, бұл бап бойынша оған 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Айыптау мен істің нақты мән-жайы туралы қосымша мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.