Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шәкіртақы тағайындалады»: Саясат Нұрбек грантқа түсудің жаңа мүмкіндігін жария етті

13:36, 09 тамыз 2026

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры алдағы 2026-2027 оқу жылына арналған қайырымдылық жобасы шеңберінде талапкерлерге жоғары білім алу үшін 350 арнайы білім грантын бөледі, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті. Арнаулы білім грантын иеленуге ауылдардағы, сондай-ақ шағын және моноқалалардағы мектептерді бітірген 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) мынадай санаттағы жастар үміткер бола алады:

— Жетім балалар мен кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар;

— Мүгедектігі бар тұлғалар;

— Мүгедектігі бар балаларды бағып-қағып отырған отбасы перзенттері мен ата-анасында мүгедектігі бар талапкерлер.

Аталған грантқа ие болған студенттердің оқу құны жылына 1 миллион теңгеге дейін қаржыландырылады. Оған қоса, білім алушыларға оқу мерзімі барысында ай сайын 60 мың теңге көлемінде стипендия төленеді. Мемлекеттік немесе арнаулы бұл шәкіртақы жазғы демалыс айларын есептемегенде, әр оқу жылында 10 ай бойы беріледі.

Үміткерлердің тізімін жоғары оқу орындары немесе олардың филиалдары дербес жасайды. Тізімге Ұлттық біраңғай тестілеуден (ҰБТ) өтіп, оқуға түсуге қажетті ең төменгі шекті балл жинаған (ішіне шығармашылық емтихандардың нәтижелері де кіреді) талапкерлер енеді. Қабылданған үміткерлер тізімі ЖОО-ның конкурстық комиссиясы отырысының арнайы хаттамасымен бекітіледі.

Бағдарламаға енген жоғары оқу орындарының тізімі, бөлінген гранттардың нақты мөлшері және оларды тағайындау тәртібі туралы толық мәліметпен qazaqstanhalqyna.kz «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми веб-сайтынан танысуға болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар