Отбасы банк пен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бастамасы бойынша елдегі тұрғын үй заңнамасына азаматтарды баспанамен қамту тәртібін жеңілдететін және әділдікті қамтамасыз ететін маңызды өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Түзетулердің бір бөлігі 27 шілдеден бастап өз күшіне енсе, басым бөлігі 2026 жылдың 14 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа ережелерге сәйкес, елді мекеннің әкімшілік бағыныстылығы өзгерген күннің өзінде, мысалы, Алматы облысына қарасты елді мекен Алматы қаласының құрамына өтсе де, азаматтың мұқтаждар есебіне тіркелген алғашқы күні жоғалмай сақталады. Бұл норма 27 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Одан бөлек, осы күннен бастап бос қалған тұрғын үй квоталарын қайта үлестіру механизмі іске қосылды. Белгіленген тәртіп бойынша баспананың кемінде 20 пайыз үлесі жетім балаларға, 50 пайызы әлеуметтік басым санаттарға, ал 30 пайызы өзге де азаматтарға бөлінеді. Егер белгілі бір санатта кезекте тұрғандар жеткіліксіз болса, пайдаланылмаған квота өзге басым санаттарға беріліп, пәтер бөлу процесі жылдамдайды.
Ал 2026 жылдың 14 қыркүйегінен бастап тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық тұрғын үй қорынан жаңа баспана беріле бастайды, олар мұқтаждар есебіне арнайы электронды база арқылы тіркеледі. Сондай-ақ отбасы мүшелерінің қатары кеңейіп, ерлі-зайыптылар мен олардың перзенттерінен бөлек, өзара келісім бойынша ерлі-зайыптылардың ата-анасы, немерелері мен ата-ана қамқоршылары да отбасы құрамына енгізіле алады.
Заңнамадағы маңызды шектеулердің бірі – жеке баспанасы жоқ немесе жалғыз үйіндегі үлесі 50 пайыздан аспайтын азаматтар ғана кезекке тұра алады, ал үлесі 50 пайыздан асатындар мұқтаж ретінде тіркелмейді (бұл талап бұрын кезекке тұрып қойғандарға жүрмейді). Бұдан өзге, бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылған жағдайда да жетім баланың кезекке алғаш тұрған уақыты сақталып қалады.
Ендігі жерде баспана бөлуде тек шаршы метр көлемі емес, отбасы мүшелерінің саны мен нақты қажеттілігі де назарға алынады. Бұл көпбалалы отбасыларға қолайлы үй таңдауға мүмкіндік береді. Ауылдық жердегі азаматтар өздеріне қажетті жалдамалы үйді өздігінен таңдап, оған электронды түрде өтініш бере алады.
Сонымен қатар 14 қыркүйектен бастап банк тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың мәліметтерін олардың немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз-ақ түгендеп, тексере алады. Бұл ақпаратты тұрақты жаңартып, баспананы нақты мәліметтер негізінде ашық үлестіруге жағдай жасайды. Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – тұрғын үйге мемлекеттік қолдауды әділ әрі ашық етіп, баспананы азаматтардың нақты мұқтаждығына қарай бөлу.