Үш жыл ішінде телекоммуникация саласына салынған инвестициялар 1,3 трлн теңгеден асып түспек, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады.
Оның айтуынша, биыл салаға кемінде 500 млрд теңге инвестиция салынады деп күтілуде. Телекоммуникацияларды дамыту еліміздің цифрлық трансформациясы, цифрлық теңсіздікті жою және азаматтардың цифрлық қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізуі үшін қажет, деп атап өтті вице-премьер.
Үкіметтің мәліметінше, соңғы екі жылда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 73,6-дан 93,4 Мбит/секундқа дейін өскен. Ведомствоның болжамы бойынша, биылғы жылы интернет-трафик көлемі 2024 жылғы деңгейден екі есе артық болады.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында осы жылдың соңына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін 3704 ауылға жеткізу жоспарлануда, бұл – елдегі ауылдардың жалпы санының 61%-ы. Келесі жылы тағы 1863 ауыл талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз етіліп, жалпы қамту 92%-ға жетеді. Қалған 8%-ы спутниктік интернетке қосылады.
«Ауылдарды мобильді интернетпен қамту 84%-ды құрайды. 3G базалық стансаларын 4G-ге дейін жаңғырту жүргізілуде. Сондай-ақ қалалар мен ауылдарда 5G байланысымен қамту кеңейтілуде. 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тарту жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін 4G желісі 5291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы керек. Мобильді интернет еліміздегі ауылдардың 92%-ына қолжетімді болады. Сондай-ақ, республикалық және облыстық автожолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамтамасыз ету қажет. Ол үшін 500-ден астам антенналық діңгек құрылыстарын салу керек», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.