Елімізде интернет жылдамдығы 70 пайызға артып, абоненттерді жоғары жылдамдықты желіге қосу бағытында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Alash.kz.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің мәліметінше, бұған дейінгі жылдамдығы 8 Мбит/с-қа дейін ғана жететін ескірген мыс желілерден талшықты-оптикалық байланысқа көшу қосылу жылдамдығын бірден 125 есеге арттыруға мүмкіндік берген. Нәтижесінде қолданушыларға қолжетімді интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан 1 Гбит/с-қа дейін жетті.
Жаңғырту бағдарламасы аясында 2024 жылдан бері оптикалық желіні пайдаланатын абоненттердің үлесі 53 пайыздан 64 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ инфрақұрылымды кеңейту мақсатында 480 мың жаңа оптикалық порт іске қосылған болса, 2027 жылы тағы 190 мың порт орнату жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, арнайы «Тазарту» жобасы шеңберінде бүгінге дейін 247 мың абонент заманауи оптикалық желіге ауыстырылды. Алдағы жылы дәл осы бағыт бойынша тағы 146 мың абонентті жоғары жылдамдықты интернетке қосу көзделген.