әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі студенттер қазасынан кейін белгілі адвокат Мейірман Шекеев Instagram парақшасында арнайы бейнеүндеу жариялап, оқу орнындағы әлімжеттік пен заңсыз ақша жинау деректеріне қатысты шулы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Еске салайық, 16 қараша күні ҚазҰУ жатақханасында география факультетінің 1-курс студенті Дауыл Бәкіртай көз жұмған еді. Марқұмның туыстары оны 2-курс студенттері соққыға жыққанын айтса, қылмыстық іс аясында бір күдікті қамауға алынды. Осы оқиғадан соң Ғылым және жоғары білім министрлігі университетте кешенді тексеріс басталатынын мәлімдеді. Бұдан он күн бұрын ғана аталған оқу орнының аумағында журналистика факультетінің 1-курс студенті де қаза тапқан болатын.
Адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, қазіргі уақытта ҚазҰУ студенттері оған студенттік ұйымдар тарапынан көрсетілетін қысым мен ақша жинау фактілеріне қатысты жаппай шағымдана бастаған. Заңгер мұндай ұйымдардың университет басшылығымен және деканаттармен байланысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның пайымдауынша, оқу орнындағы қайғылы жағдайларға жылдар бойы тамыр жайған «дедовщина» жүйесіне әкімшіліктің дер кезінде тосқауыл қоймауы себеп болған:
«Қоғамымызда «система», «дедовщина» деп аталатын әлімжеттік жүйесі бүгін немесе кеше пайда болған жоқ. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан жүйе. Келіп жатқан ақпараттарға сәйкес, мұндай жүйенің бұрыннан қалыптасқаны және оған дер кезінде Университет тосқауыл қоймағандығының салдарынан осы өлім орын алды деп санаймын», – деді адвокат.
Осыған байланысты Мейірман Шекеев Ғылым және жоғары білім министрлігіне үндеу жолдап, оқу орнына жіберілетін тексеру комиссиясының құрамына тәуелсіз журналистерді, қоғам белсенділері мен депутаттарды қосуды ұсынды. Заңгер университет басшылығы шындықты жасыруға тырысуы мүмкін деп қауіптенеді:
«Осы уақытқа дейін университет басшыларының бәрін жасыруға тырысып жатқанының куәсі болып жатқан жоқпыз ба? Сондықтан комиссия тәуелсіз адамдардан құралуы керек. Сонда ғана студенттер шындықтарды айтады!», – деп жазды ол.
Сонымен қатар адвокат студенттер мен ата-аналарды заңсыздықтар туралы ашық айтудан қорықпауға, ал бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін бұл тақырыптан тыс қалмауға шақырды:
«Мұндай жүйенің тамырына балта шабатын уақыт жетті», – деп түйіндеді Мейірман Шекеев.