Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ауыр жарақат алған»: Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері үш аптадан бері Таиланд ауруханасында жатыр (ВИДЕО)

«Ауыр жарақат алған»: Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері үш аптадан бері Таиланд ауруханасында жатыр (ВИДЕО)

«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» Михаил Гниненко Таиландта демалыс кезінде басынан ауыр жарақат алып, үшінші апта бойы өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

20 жыл бойы Астананың дезинфекция қызметін басқарған білікті маман осы айдың басында жұбайымен бірге үйлену тойларының жылдығы мен өзінің 79 жасқа толған туған күнін атап өту үшін Пхукетке аттанған. Алайда демалыстың алғашқы күнінде-ақ баспалдақтан сүрініп құлап, бассүйек-ми жарақатын алған. Жұбайы Валентина Гниненконың айтуынша, дәрігерлер миындағы гематомаларды алып тастау үшін аса ауыр ота жасаған:

«Сол күні түскі ас ішуге барғанбыз, кездейсоқ баспалдақтан сүрініп құлады. Бассүйектің ауыр жарақаты. Ота жасалды. Өте ауыр ота болды. Мидың ішіндегі гематомаларды алып тастады. Бұған дейін жансақтау бөлімінде жатқан, қазір нейрохирургия бөлімшесінде», – деді науқастың жұбайы Валентина Гниненко.

Бүкіл ғұмырын өзгелердің денсаулығын қорғауға арнаған дәрігер бүгін өзі көмекке мұқтаж болып отыр. Ол үш аптадан бері өкпені жасанды желдету аппаратына (ӨЖЖ) қосылып жатыр. Туыстарының сөзінше, науқас сөйлей алмайды, ал денесінің сол жақ бөлігі толығымен сал болып қалған. Ол жақындарының дауысын естіп тұрғанын тек саусақтарын қимылдату арқылы ғана білдіре алады.

Отаның өзіне 10 мың доллардан астам қаражат жұмсалса, қазір ауруханадағы әрбір күннің емі отбасына 3 мың долларға түсіп отыр. Туыстары үшін бұл көтере алмайтын ауыр шығын болғандықтан, олар науқасты мүмкіндігінше тезірек елге жеткізгісі келеді. Алайда жергілікті дәрігерлер тігістерді алу жараның қайта ашылуына әкеліп, ұшақпен ұшу науқастың жағдайын одан әрі ушықтыруы мүмкін деп тасымалдауға рұқсат бермей отыр. Қазақстандық азаматтың жағдайын отандық дипломаттар бақылауға алған, дегенмен әзірге елге әкелу мәселесі шешілмей тұр:

«Емдеуші дәрігердің қорытындысы бойынша, қазіргі уақытта науқасты медициналық көрсеткіштерге байланысты тасымалдау орынсыз. Жақын арада дипломаттардың туыстарымен және емдеуші дәрігермен кезекті кездесуі өтеді, онда науқасты Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі қайта талқыланады», – деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Қазіргі таңда дәрігердің отбасы қымбат ем-дом ақысын өтеу үшін қайырымды жандардан көмек сұрап отыр. Байланыс нөмірі: +7 701 525 9301.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар